Еріктілер 750 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды

Динара Амантай

Волонтерлік аясында кәсіби заңгерлер, адвокаттар 9 мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңес берді

Фото: Halyq Uni

Биыл жемқорлыққа қарсы еріктілер 782 млн теңге сомасына бағаны көтеру тәуекелдерін болдырмады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикордың мәліметінше, Маңғыстау облысының бюджетіне шамамен 200 млн теңге қайтарылған.

Атап айтқанда, осы жылдың қазанында «Каспий жылу, су арнасы» МКК (Ақтау қ.) 247 млн теңгеге «үш тізбекті станцияның» 1 данасын сатып алуды жоспарлаған. Бұл ретте жүргізілген талдау нарықтық баға шамамен 50 млн теңге екенін көрсетті. Тиісті жұмыстың нәтижесінде тауардың құны 49 млн теңгеге дейін төмендетілді.

Сондай-ақ, қарашада Алматы қаласында орта мектеп жалпы құны 12,5 млн теңгеге 25 компьютер сатып алуды жоспарлаған, яғни бір данасың үшін – 500 мың теңге. Алайда, мониторинг барысында техникалық ерекшелік бойынша қолайлы моноблоктың құны шамамен 315 мың теңге екені анықталды. Қорытындысы бойынша сатып алу тоқтатылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Атырау облысында еріктілер жұмысынан кейін Қызылқоға ауданындағы Мәдениет үйі жеткізушілер арасындағы бәсекелестік шарттарының бұзылуына байланысты 5,3 млн теңгеге картиналар сатып алуды тоқтатты.

Мемлекеттік сатып алуларды талдаудан басқа, волонтерлердің едәуір бөлігі әлеуметтік нысандар құрылысының барысын мониторингілеуге жұмылдырылған. Ақмола облысында Бұланды ауылында мектеп салу мониторингінің қорытындысы бойынша жалғау тораптарының бұзылуы және шатырдың ағаш конструкцияларын отқа төзімді өңдеудің болмауы анықталды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеру нәтижелері бойынша ҚНжЕ бұзушылықтары және жобалық шешімнен ауытқулар анықталды. Мердігерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және ӘҚБтК-нің 312-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Алматы облысында әкімдік белгіленген мерзімде «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан 1200 студентке еңбекақы төлемеген. Еріктілердің араласуынан кейін студенттерге 133,9 млн теңге төленді.

Шымкент қаласында мониторингтік топтың кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз баруы тоқтатылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке медициналық ұйымдардың мониторингі бойынша негізсіз бұйрық шығарған. Уақтылы әрекет ету нәтижесінде бұйрық жойылды.

ШҚО еріктілері Алтай ауданындағы «Қазмырыш» ЖШС тау-кен байыту кешенінің жанында «Зеленка» өзенінің ластану фактілерін анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстың Экология департаментімен экологиялық нормалардың талаптарын сақтау мәселелері бойынша тексеру жүргізуге бастамашылық жасады.

Сонымен қатар, волонтерлік аясында кәсіби заңгерлер, адвокаттар 9 мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңес берді. Жобаның мақсаты – жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді азаматтарды, мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік секторды және қоғамдық бірлестіктерді тарту.