Алматыда автобус аялдама маңындағы бір топ адамды қағып, 3 адам мерт болды
Үш адам қаза тауып, тағы төртеуі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Алматыдағы автобус апатынан 3 адам мерт болды, - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы қалалық полиция департаменті, бүгін, 2023 жылғы 22 желтоқсанда 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы - «ДуманТрансКом» ЖШС) жолаушысы жанжал кезінде жүргізуші әйелді ұрғандығын, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын хабарлайды.
Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан.
Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді.
Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Сараптама тағайындалды.
Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.