×

Қазақстан құрамасы түгелімен Баходир Жалоловтың үйлену тойына барды (ВИДЕО)

Құдай қаласа, келесі Олимпиадада екі дүркін чемпион атансын деген тілегіміз бар, - деді Қазақстаннан барған қонақ

 Дастан Жұмабекұлы 22.12.2023 | 16:30
Фото: sports.kz

Ташкент қаласында Өзбекстанның аса ауыр салмақтағы атақты боксшысы Баходир Жалоловтың үйлену тойы өтті. Оған бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы да барып, той иесін құттықтап қайтты.

Тойда ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бірінші болып сөз сөйлеп, боксшыны үйлену тойымен құттықтады.

Баходир Жалолов құрмет тұғырына жайдан-жай келген жоқ. Қазір Өзбекстанда боксқа қатты мән беріліп, ол жан-жақты дамып жатыр. Оны біз көріп те, біліп те отырмыз. Өзбекстанда ел президенті, министрліктің спорт комитеті, Бокс федерациясы бәрі-бәрі былғары қолғап өнерін қолдап, оны дамытуда қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатыр. Енді Баходир, осы қолдауды сезініп, тек биіктен көріне бер, – деді Мырзағали Айтжанов.

Тойда тілек айтқан тағы бір кісі: «Баходирге ашық аспан тілейміз! Құдай қаласа, келесі Олимпиадада екі дүркін чемпион атансын деген тілегіміз бар», – деп боксшының Париж Олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.

2013 жылғы әлем чемпионы Біржан Жақып та сөз сөйлеп, тілегін айтты.

Баходир бауырым, той құтты болсын! Бақытты бол! Қазақстан мен Өзбекстанның, оның ішінде екі елдің бокстағы достығы ажырамасын! Бәріміз де осындай тойға жете берейік! – деді ол.

Баходир Жалолов 2020 жылы Токиода өткен Олимпиялық ойындардың чемпионы атанған. 2017, 2019, 2021 жылдары Азия чемпионы болған. 2019, 2023 жылдары әлем чемпионы атанып, 2022 жылы Азия ойындарын жеңіп алған.

Ол келесі жылы сәтін салса, Париж Олимпиадасынан кейін қайтып кәсіпқой боксқа ауысатынын ескертті. Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін ол кәсіпқой бокстағы Александр Усик, Тайсон Фьюри, Энтони Джошуа секілді әлем чемпиондарымен қолғап түйсіргісі келетінін ашық айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама