Дзюдодан Jenys Cup турнирінің жеңімпазы анықталды
Қазақстан құрамасы қола медальді қанағат тұтты
Алматыда дзюдодан халықаралық командалық Jenys Cup турнирі аяқталды. Еліміздің Jenys клубының атынан татамиге шыққан спортшылар қола жүлдеге ие болды.
Қола жүлде үшін күресте Jenys командасы тағы бір еліміздің Lokomotiv Green Hill клубымен кездесті.
Бұл сында ел намысын қорғаған Кубанычбек Айбекуулы (-66 кг), Асқар Нарқұлов (-73 кг), Жансай Смағұлов (-73 кг), Тато Григалашвили (-81 кг), Ерлан Шеров (-90 кг) пен Саба Инанешвили (+90 кг) қарсыластарын 3:0 есебімен жеңді.
Финалда Грузияның Shevardeni клубы жеңімпаз атанса, Тәжікстанның Hoji Sharif жасағы күміс жүлде иеленді.
Jenys Cup турнирінің жүлде қоры 100 мың АҚШ доллары болды. Жеңімпаз команда 30 мың доллар сыйақы алды. Күміс жүлдегер 20 мың доллар, ал қола медалиске 10 мың доллар сыйақы табыс етілді.