Halyq Uni логотип
×

Қарағандыда ғалымдар жер астында қарбыз бен көкөніс өсіріп жатыр

Ол шамамен 5 метр тереңдікте орналасқан

 Дәурен Ерболат 22.12.2023 | 09:50
Қарағандыда ғалымдар жер астында қарбыз бен көкөніс өсіріп жатыр
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті биология-география факультетінің аумағында жерасты термос-жылыжайы ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жылыжай жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Ол микрожасылдар, қиярлар мен гүлдер өсірілген 2 залды аралады.

Бұл – ғалымдарымыз 15 жылдан аса уақыт армандаған жалғыз термос-жылыжай. Бастапқыда жердің үстіне жылыжай салу жоспарланды. Бірақ ол эргономика тұрғысынан тиімсіз болып шықты. Сонда біз Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттедік. Себебі олардың климаты біздікіне ұқсас. Сондай-ақ біз Ұлытау облысында да осындай жылыжай бар екенін білдік. Сол жаққа барып, есеп жүргіздік. Міне, енді өз жылыжайымызды ашып жатырмыз, - деді биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.

Жылыжайдың жұмыс істегеніне бір ай болды. Оның ауданы – 270 шаршы метр. Ол жер астында шамамен 5 метр тереңдікте салынған. Бұл өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан оқшаулауға мүмкіндік береді.

Жылыжайымыз аяздың алғашқы сынағынан өтті: минус 28 температурада бұл жер плюс 25 градус болады. Біз көкөніс пен микрожасылдарды өсіріп қана қоймай, агротехнологияны дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндірістік база құруға ниеттіміз, – деді Серікболат Талжанов.

Мұнда өсірілген қияр, қызанақ және шөптер университет асханасында пайдаланылады. Ал гүлдер мен ағаш көшеттері университет аумақтарын көгалдандыру, сондай-ақ қаланы безендіру үшін өсіріледі деп жоспарланып отыр.

Біз қарбыз тұқымын отырғыздық. Олар кішкентай өскіндер шығарды. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, сондай-ақ күтімді талап ететін орхидеяларды өсіргіміз келеді, - деді Биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің жетекшісі Маргарита Ишмуратова.

Микрожасылдарды өсіру жобасын ҚарМУ түлегі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD докторы Арайлым Серікбай табысты іске асырып жатыр. Ол өз идеясын Қарағанды облысы әкімі грантының арқасында іске асырған. Арайлым бір жылдан астам уақыт бойы өз өнімдерін қаладағы супермаркеттерінің біріне және 2 асханаға жеткізіп отыр.

Жерасты жылыжайын салу – қала үшін де, студенттер үшін де жақсы бастама. Бізде көгалдандыруға арналған өсімдіктер мен ағаштарды жеткізуші, ал студенттерде зерттеу жұмыстарына арналған өндірістік база болады. Біз университеттің бастамасын қолдауға және осы жобаны коммерцияландыруға көмектесуге дайынбыз, - деді облыс әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама