Halyq Uni логотип
×

Көшпенділер ойындарына 4 мыңға жуық спортшы қатысады деген жоспар бар – Абылай Қондыбаев

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

 Ая Өміртай 21.12.2023 | 20:36
Көшпенділер ойындарына 4 мыңға жуық спортшы қатысады деген жоспар бар – Абылай Қондыбаев
фото: Halyq Uni

2024 жылы қыркүйек айында Мемлекет басшысының бастамасымен Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бүгін Астана қаласында «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау қарсаңында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев жарысқа қанша елден спортшылар қатысатынын айтты.

«Көшпенділер ойындарына 100 ден аса елден 4000 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарлап отырмыз. Дирекция тарапынан бүгін қатысушы елдермен жұмыс жүргізіліп жатыр, 93 мемлекет қазір қызығушылығын білдірді. Қазір Қазақстанда командалар құрамы жасақталып, оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті.

Абылай Қондыбаев айтуынша, Көшпенділер ойыны бұған дейін үш рет Қырғызстанда, бір рет Түркияда өткен. Қазір дирекция тарапынан барлық регламенттік құжаттар дайындалып, бекітілген.  

Спорт бағдарламасындағы нысандар бір-біріне өте жақын орналасқан. Қатысушыларды қонақ үйден жарыс өтетін жерге тасымалдау ыңғайлы болары сөзсіз. Тағы да айта кететін жағдай, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жаңадан спорт нысан салынбайды. Көшпенділер ойындарында негізгі 6 спорт инфрақұрылымы бекітілді, - деп түсіндірді ол.

Атап айтсақ, «Астана-Арена» стадионы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны сарайында, «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» қонақүй кешені, «Қазанат» ипподромы – «Түркілердің олимпиадасы» негізгі ғимараттар.

Абылай Қондыбаевтың сөзіне сүйенсек, «Қазанат» ипподромында қазір күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жөндеу жұмыстары меншік иелері «ERG» компаниясының қаражатынан жүргізіледі.

Жөндеу жұмыстары ойындар басталғанға дейін толығымен аяқталып, 10 000 көрерменге арналған жоғары деңгейде жарыстарды өткізуге арналған орындардың біріне айналады, - деді ол.

Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған «Алтын тұғыр» жүлдесі беделді мәртебеге ие. Бұл - спортшылар мен бапкерлердің жетістіктері мен қосқан үлесін бағалайтын дәстүрлі спорт әлеміндегі ең ауқымды шаралардың бірі.

Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ» ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.

Шара «АМАНАТ» партиясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама