Қазақстанда садақ ату секцияларына 10 мыңнан астам қатысып жүр – Диас Ахметов

Айнұр Шошаева

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

Диас Ахметов, "Алтын тұғыр" иегері

Қазақстанда 10 мыңнан астам адам дәстүрлі садақ ату үйірмелеріне қатысып жүр. Бұл туралы Дәстүрлі садақа ату федерациясының вице-президенті, ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметов айтты.

Диас Ахметов «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанып, үздік жаттықтырушы деген марапатқа ие болды.

Биыл дәстүрлі садақшылар үшін олжалы жыл болды. Келесі жылы елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық ұлттық спортымызға үлкен серпін беріп жатыр. Үкімет ұлттық спортты танымал етуге күш салып жатыр. Соның арқасында сұраныс артып келеді. Бүгінде еліміздің әр өңірінде дәстүрлі садақ ату үйірмелері мен клубтары жұмыс істеп тұр. Қазір еліміздің барлық облысында бір емес, бірнеше клубтан бар. Ең бастысы дәстүрлі спортпен бірге ұлттық мәдениетіміз де дамып келеді, - деді ол.

Диас Ахметовтің айтуынша, биыл Қазақстанда ұйымдастырылған ұлттық спорт фестивалі ұлттық спорт пен ойындардың әр түрі бойынша қатысушылардың көбеюіне әсер еткен.

«Көп жыл бойы ұлттық спортқа мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмағаны белгілі. Бүгінде жағдай өзгерді.

Төл спортымызды дамыту мақсатында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының істеп жатқан жұмыстарын атап өтуіміз керек. Мәселен, биыл бұрын-соңды болмаған «Мергендер мекені» жарысын ұйымдастырды. Үздік дәстүрлі садақшыларға пәтер, көлік және қомақты сомадағы сыйақы берді. Бүгінде Қазақстанда дәстүрлі садақ ату секциясына 10 мыңнан астам адам қатысып жүр. Оның ішінде кәсіби түрде 500-ге жуық садақшы айналысып, жаттығып жүр», - деді Диас Ахметов.

Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған «Алтын тұғыр» жүлдесі беделді мәртебеге ие. Бұл - спортшылар мен бапкерлердің жетістіктері мен қосқан үлесін бағалайтын дәстүрлі спорт әлеміндегі ең ауқымды шаралардың бірі.

Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ» ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.

Шара «АМАНАТ» партиясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры.