Еліміздің үздік мергені «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығының иегері болды
Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті
Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау іс-шарасында еліміздің үздік дәстүрлі садақшысы марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биыл үздік мерген сыйлығы Дәстүрлі садақ атудан Костанай облыстық федерациясының жетекші Аяулым Аппазоваға табысталды.
Дәстүрлі садақ атумен алғаш рет осыдан 2 жыл бұрын айналыса бастадым. Қостанай қаласында «Сақ» садақ ату академиясын аштым. Бүгінде жастарды тәрбиелеп жатырмын. Қазір клубымыздың қатысушыларының арасында чемпион атанғандар көп, - деді ол.
«Алтын тұғыр» иегері Аяулым Аппазова биыл қандай жетістіктерге жеткенін айтып берді.
«Биыл дәстүрлі садақшылардың арасында өткен бірқатар жарыста жеңіске жеттім. Румынияда өткен Әлем кубогын иелендім. Сонымен қатар Алматы облысында өткен Қазақстан чемпионатында бір алтын, екі күміс медаль алғаным бар. Одан бөлек, жаттықтырушы ретіндегі жұмысым да жемісін беріп жатыр. Мысалы, бүгінде Қостанайдағы клубымыз Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне кіріп, балалар садақ атумен тегін айналысады. Қазір 30 бала бар, оның 15-і Қостанай облысының құрама командасына кірді. Сондай-ақ екі-үш шәкіртім республикалық құрама команданың қатарына алынды. Жаттықтырушы ретінде өте қуаныштымын», - деді Аппазова.
Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған «Алтын тұғыр» жүлдесі беделді мәртебеге ие. Бұл - спортшылар мен бапкерлердің жетістіктері мен қосқан үлесін бағалайтын дәстүрлі спорт әлеміндегі ең ауқымды шаралардың бірі.
Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ» ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.
Шара «АМАНАТ» партиясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры.