Алматыда оқушы орнының тапшылығы екі жылда реттеледі

Динара Амантай

Оқушылар саны жыл сайын орта есеппен 12-14 мың балаға артып келеді

Фото: Halyq Uni

2026-2027 оқу жылының басында Алматыда оқушы орнының тапшылығы басқарылатын деңгейге дейін төмендейді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде қала әкімі Ерболат Досаев журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтты.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір мегаполис бойынша оқушы орындарының тапшылығы – 30 мың орын. Оқушылар саны демография және ішкі көші-қон есебінен жыл сайын орта есеппен 12-14 мың балаға артып келеді.

Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында Алматының жобалық кеңсесінің қолдауымен 2024-2025 жылдары 37,1 мың орынға арналған 22 оқу орны салынады, – деді Ерболат  Досаев.

Қазір 23 мың орынды 13 мектеп бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеке инвесторлармен 12 мың оқушы орнына 8 мектеп салу және сатып алу меморандумдарына қол қойылды. Сонымен қатар, МЖӘ бойынша 2 мың орынды тағы 1 мектеп салынады. Осылайша, 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай оқушы орындарының тапшылығы басқарылатын деңгейге – 3-4 мыңға дейін төмендетілетін болады.

Анықтама үшін: биыл 1 қыркүйектен бастап Алматыда 4 мың 950 орынды 17 мектеп пен 970 орынды мектептерге қосымша 4 ғимарат ашылды.