Автонесие: 4 мыңнан астам өтінім мақұлданды
Өтінім берушілер арасында Chevrolet үлкен сұранысқа ие. Екінші орында Hyundai маркасы тұр
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылғалы бір аптадан асты. Осы аралықта халықтың талабына сәйкес бағдарлама талаптарына біршама өзгеріс енгізілді.
Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері (16 мамыр) ел тұрғындарынан 14 507 өтінім түскен. Оның 4 834-і мақұлданды. Бұл дегеніміз – 35,7 млрд теңге. 2 857 өтінімді «Банк ЦентрКредит» мақұлдаса, қалған 2 013 өтінімге «Еуразиялық банк» оң жауап берген. Айта кетейік, әзірге өтінім берушілер арасында Chevrolet үлкен сұранысқа ие. Екінші орында Hyundai маркасы тұр.
Өкінішке қарай, бағдарлама басталған сәтте тұрғындар арасында түсініспеушіліктер орын алды. Сондықтан бағдарлама операторы жобаға біршама өзгеріс енгізді.
Халықтың талабына сәйкес, екінші деңгейлі банктерге төлем шотын ұсынатын кезде автомобильдің VIN-кодын қоса беру туралы талап жойылды. Сонымен қатар тұрғындар КАСКО сақтандыруына қатысты көп шағым айтты. Сол себепті Өнеркәсіпті дамыту қоры халықтың қаржылық жүктемесін жеңілдету мақсатында банктерге сақтандыруды несиенің толық мерзіміне емес, бір жылға есептеу туралы талап енгізді, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.
Бағдарламаға бөлінген қаржы – 100 млрд теңге. Бұл сомаға шамамен 10 мың көлік беріледі деп күтілуде. Бағдарлама револьверлік жүйемен жұмыс істейтіндіктен, алдағы 30 жылда нарыққа 70 мың жаңа көлік ұсыну жоспарланған. Бүгінгі таңда «Банк ЦентрКредит», «Еуразиялық банк», «Халық банк» өтінімдер қабылдауда. Осы аптаның басында бұл қатарға Forte Bank-те қосылды.