Бұл – Семей өңірі бойынша қабылданып отырған 11-қарар
БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында «Қазақстандағы Семей аймағының халқын, экологиясын және экономикалық дамуын оңалту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен қызметті үйлестіру» атты қарар бірауыздан қабылданды.
Құжатта ассамблея халықаралық қауымдастықты Қазақстанға зардап шеккен халықты емдеу мен күту бойынша арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге және іске асыруға, сондай-ақ Семей өңірінің экономикалық өсімі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге күш салуға көмектесуге шақырды.
Сондай-ақ БҰҰ мүше мемлекеттерді, тиісті көпжақты қаржы ұйымдарын және халықаралық қоғамдастықтың басқа да құрылымдарын «Семей өңірінің халқына, экологиясына және экономикалық дамуына» үлес қосу үшін ақпарат пен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың проблемалар туралы хабардарлығын арттыруға шақырды.
Айта кетсек, бұл – БҰҰ Бас ассамблеясының Семей өңірі бойынша 11-қарары. Алғашқысы 1997 жылы қабылданған. БҰҰ-ға мүше 85 мемлекет қарардың бірлескен авторы болды.