×

БҚО-да ұлын заңсыз жұмысқа қабылдаған тәрбие жұмысы орталығының директоры жауапқа тартылды

Сонымен қатар, оған белгіленген мөлшерден артық жалақы аударылған

 Динара Амантай 21.12.2023 | 09:24
Фото: gov.kz

БҚО-да ұлын заңсыз жұмысқа қабылдаған тәрбие жұмысы орталығының директоры жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының прокуратурасы балалар лагерлерінде тексеріс жүргізген. Тексеру барысында «Тәрбие жұмысы орталығы» МКҚК директорының «Жас ұлан» балалар лагеріне өзінің тиісті білімі және біліктілігі жоқ баласын жұмысқа заңсыз қабылдағаны анықталды. Сонымен қатар, оған белгіленген мөлшерден артық жалақы аударылған.

Аудан прокуратурасының қадағалау актісімен құқыққа сыйымсыз артықшылық білдіргені үшін МКҚК директоры «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабы 1-тармағы 4-тармақшасы негізінде қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Артық аударылған жалақы мемлекетке қайтарылды.

Бұдан бөлек, «Достық» балалар лагері ғимаратының апатты жағдайда екендігі және балалар лагері өзінің жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай жүргізгендігі белгілі болды. Лагерьдің 13 жұмысшысында тиісті медициналық рұқсат болмаған.

Сонымен қатар, балалар лагері меңгерушісінің жұртты жалған жұмысқа орналастыру арқылы бюджет қаражатын жымқырғаны және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны анықталды.

Бәйтерек ауданы прокуратурасының бастамасымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қызмет бабын пайдаланып, бөтеннің мүлкін талан-таражға салу»)  және 190-бабының 2-бөлігімен («Қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық») қылмыстық істер тіркелді, – делінген хабарламада.

Кейін мемлекетке келтірілген залалдың толық көлемде өтелуіне байланысты қылмыстық істер ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама