Өгей шешесінің қолынан қаза тапқан 7 жасар қыздың өліміне қатысты тың деректер шықты
Айыпталушы орындығында да қазір өгей шеше отыр
Алматыда жеті жастағы қыздың өліміне қатысты сотта бүгін әкесі жауап берді. Оның айтуынша, баланы «ваннада өзі құлады» деп тергеушілерге жауап беруге әйелі көндірген. Айыпталушы орындығында да қазір өгей шеше отыр. Бүгінгі сотта ерлі-зайыпты марқұм Каринаның қазасына бірін-бірі айыптады, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Сол күні сыртта жүргенімде әйелім Балжан телефон шалып «Мен оны өлтіріп алған сияқтымын, үйге кел» деді. Келсем, бала ваннада жатыр, киім-кешегі еденде. Алғашында тірі, қорылдап жатты. Маңдайы ісіп, денесі көгерген. Балжан маған полицияға «Бала ваннада өзі құлап қалды деп айтайық» деді. Мен сасқанымнан солай айттым», - дейді Бәкен Ғалымжанұлы.
Алайда полицейлер бұл жауапқа сенбеген. Қанды қылмысқа өгей шешесінің қатысы бары да көпке ұзамай әшкереленеді. Айыпталушы Балжан Тұрлыбек жеті жастағы қыздың дәретін ескертпестен жіберіп қоятынына ашуланған. Дегенмен сотталушының өзі тағылған айыптармен келіспейді. Ол бұған дейін марқұм Каринаны әкесінің өзі талай рет ұрғанын айтқан. Белбеумен сабап, бұрышқа тік тұрғызып қоятын деп отыр. Сондай-ақ ол судьядан істің бүге-шүгесіне дейін қарауды сұрады.
Қайғылы оқиға биыл шілдеде болды. Жеті жастағы қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыры соңында миына қан құйылып көз жұмған.
«Жалпы сол күні мен ұйқыдан не үшін оянып кеттім? Себебі сен қызыңды өзің сабап жаттың. Қатты шудан ояндым да, саған ұрыса бастадым. «Тиіспеші» дедім. «Каринаны шомылдыр» дедім. Қарасам, ваннада қыз дәретін сындырып қойыпты», - дейді айыпталушы Балжан Тұрлыбек.