Абай облысындағы тасжолда қатты жел ауыр жүк көлігін аударып тастады
Оның жүргізушісі – Ресей Федерациясының азаматы
Абай облысындағы тасжолда қатты жел салдарынан ауыр жүк көлігі аударылып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаты кеше Омбы – Майқапшағай тасжолының 913-шақырымында болған.
Жүргізушіге полицейлер Оразбаев пен Мұхамеджанов көмекке келді. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі – Ресей Федерациясының азаматы. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермегенін, көліктің қатты жел салдарынан аударылғанын түсіндірді. Полицейлер ауыр жүк көлігін жолға шығара алатын тиегішті алу үшін ЖШС-лердің біріне жүгінді, – делінген хабарламада.
Кюветтен ауыр жүкті шығару операциясын толық сүйемелдей отырып, тәртіп сақшылары көлікті жақын маңдағы елді мекенге дейін жеткізді.
Шетелдік азамат полицейлерге ризашылығын білдірді.