West Oil Software қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен келіссөздер жүргізуден бас тартты
Ереуілге шыққандар компанияға шамамен 23 млн теңге шығын әкеліп отыр
Бүгін, 20 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаевтың бастамасымен West Oil Software қызметкерлерімен келіссөздер процесін жүргізуге әрекет жасалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарақия ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше әкім Сымбат Төретаев West Oil software наразылық білдіруші қызметкерлерінің өкілдерімен кездесу өткізген. Ол наразылық білдірушілерді жағдайды сындарлы бағытқа ауыстыруға, келіссөздер үстелінде бәрін шешуге шақырды. Қызметкерлер әкімнің ұсынысымен келісті.
Бүгін таңертең «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшысы Мұрат Мұстафаев, West Oil software басшылығы және Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев заңсыз ереуіл өтетін жерге келіп, наразылық білдірушілерді өз қатарынан белсенділерді таңдап, келіссөздер процесін бастауға шақырды. Алайда West Oil Software қызметкерлері наразылық акциясын заңдастыруды талап етіп, келіссөздерді бастаудан бас тартты. Дәулетжан Хасанов өз кезегінде ереуіл соттың шешімімен заңсыз деп танылғанын және оны тек жоғары тұрған сот сатысына арыз беру арқылы жоюға болатынын түсіндірді.
Келісім комиссиясының жұмысы аясында келіссөздер процесін бастауды ұсынамыз. Бұл жағдайды реттеудің заңды тәсілі, оны пайдалану қажет, – деді Хасанов жиналғандарға.
Алайда WOS қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» АҚ штатына жұмысқа орналасуды талап етіп, келіссөздерден бас тартты.
WOS-тың бірқатар қызметкерінің «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесімен (ЕСОТ) еңбекақыны теңестіру, ҚМГ еншілес кәсіпорнының штатына кіру сияқты қосымша талаптары негізсіз болып саналатынын атап өту қажет. Акцияның өзін 2023 жылдың 11 желтоқсанында Маңғыстау облысы Қарақия ауданының соты заңсыз деп таныды.
Сондай-ақ WOS-тың кейбір қызметкері бұрын Қазмұнайгаздың еншілес ұйымдарының қызметкерлері болғанын, 2018 жылы 5/50 бағдарламасын пайдаланып, өз еркімен жұмыстан шыққанын және аталған бағдарлама аясында бес жылдық жалақысының 50%-ын алғанын атап өткен жөн. Орташа алғанда, бір адамға төленетін төлем сомасы – шамамен 11 млн теңге. Осы себепті ҚазМұнайГаздың ЕТҰ штатына көшуі туралы талаптарды орындау да мүмкін емес.
Осы күнгі ереуілге байланысты West Oil Software ЖШС күніне шамамен 23 млн теңге шығын әкеліп отыр.
Бұл фактор компанияның және оның қызметкерлерінің, соның ішінде ереуілге қатыспайтын тікелей WOS қызметкерлерінің қаржылық жағдайына нұқсан келтіреді.