Жетісу облысында бірқатар шенеунік жауапқа тартылды
Полиция мыңнан аса ұйғарым жіберді
Жетісу облысында жолды күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамаған 249 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жыл басынан бері жол ұйымдарына тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 1 360 ұйғарым жолданды.
Жалпыға ортақ пайдаланатын жолдар тексеруден өтеді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 249 лауазымды тұлға жалпы сомасы 8 млн 590 мың 500 теңгеден астам айыппұл санкцияларын сала отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көше-жол желісіндегі кемшіліктер үшін бірқатар ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басшылары жазаланды, – деді Жетісу облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Диас Айнақұлов.
Жыл басынан бері өңірде 2081 жол белгісі, 24 бағдаршам нысаны, 24 билборд, 92 өнеркәсіптік өндірістегі жасанды тегіс еместіктер орнатылды. Сондай-ақ 6,9 шақырым көше жарығы және 45,4 шақырым тротуар жолы жабдықталған.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері полицияның тұрақты бақылауында. Айталық, бірқатар ауданда апатты-қауіпті учаскелерге 18 муляж бейнекамера мен 36 жол белгісін орнату туралы шешім қабылданды. Бұл жүргізушілерді тәртіпті болуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақыру үшін жасалады, – деп атап өтті өңірдің әкімшілік полиция басқармасы.