Halyq Uni логотип
×

Астанада қолөнершілер туы әзірленді

Ол ту қазақстандық КИнЭС-тің рекордтар кітабына енді

 Динара Амантай 20.12.2023 | 12:45
Астанада қолөнершілер туы әзірленді
Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Елордадағы «Хас шебер» фестивалінің алаңында Қазақстан қолөнершілерінің эмблемалары бар бірегей ту әзірленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астана қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәлметінше, іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер қатысқан. Олар жасаған бұйымдар арнайы жәрмеңкеде жұрт назарына ұсынылды. Оның келушілері зергерлік бұйымдарды, аксессуарларды, ерекше безендірілген ыдыс-аяқтарды, декор элементтерін, отандық азық-түлік өнімдерін және т.б. сатып ала алады.

Жәрмеңкеден басқа, фестиваль шеберлік сыныптарынан, ойындардан және дефиледен тұрды. Ал ұлттық мәні бар арнайы дресс-код іс-шараны ерекшелей түсті.

Фестиваль бағдарламасының соңында қолөнершілердің туы желбіреді.

Қолөнершілердің туынан қазақстандық 240-тан астам шебердің эмблемасы көрініс тапты. Мақсатымыз қолөнершілеріміздің басын қосу және шығармашылықты насихаттау болды. Бұл ту отандық өнімнің белгісін білдіреді, – деді «Хас шебер» қоғамдастығының вице-президенті Құралай Әсемқұлова.

Қатысушылардың айтуынша, олар іс-шараға арнайы эмблемалар ойлап тауып, оларды қолмен жасаған. Себебі бұл басты шарт болыпты.

Идея барлық шеберлер мен қолөнершілердің басын қосу болды. Мысалы, мен тігін ісімен айналысамын. Өзім тіккен көйлектермен бишілер халықаралық фестивальдерде өнер көрсетеді, жұлдыздар клиптеріне түсіреді, бойжеткендер ұзату тойында киеді. Елімізде мен сияқты тігіншілер көп, олар өз ісін жақсы көреді және үнемі дамытып отырады. Бірақ оларды бір-бірімен таныстыру керек. Егер біздің мықты қоғамдастығымыз болса, онда индустрия да тез дамиды, – деді фестиваль қатысушысы Сағдат Қасымханова.

Айта кетсек, қолөнершілер туы қазақстандық КИнЭС-тің рекордтар кітабына енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама