Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурсы айтарлықтай азаяды – Наталья Годунова
Трансшекаралық өзендерден келетін судың тапшылығы – 0,8 текше шақырым
2030 жылға қарай Қазақстанда су көлемі азайып, көрші елдерге тәуелді болуы мүмкін. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы су ресурстарын басқару және тиімділігін талдау бойынша есеп берді.
Президент су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлді. 2013 жылдан бастап орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін 2013 – 2022 жылдары 1 трлн 100 млрд теңге бағытталды. Бүгінде орталықтандырылған ауыз сумен жергілікті жерлердің 88 пайызы қамтылды. 2019 жылдан бастап суармалы жер көлемі 78 мың гектарға ұлғайтылды, - деді Наталья Годунова.
Осыған қарамастан елімізде су ресурстарын пайдаланудың тиімділігі төмен.
«Бұл ауыл шаруашылығы саласында су тапшылығын тудырып, халықты, әсіресе ауыл халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға әсер етіп отыр. 2018 жылы Есеп комитеті су ресурстары мен активтерді қолданудың тиімділігіне бақылау жүргізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылы оңтүстік өңірлерді су ресурстарымен қамту бойынша, ал биыл халықаралық қарыздарды пайдалану бойынша аудит жүргізді», - деді палата жетекшісі.
Наталья Годунованың айтуынша, болашақта елімізде су тапшылығы қаупі бар.
БҰҰ даму бағдарламасының мәліметінше, Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға қарай жылына 75 мың текше шақырымға азаяды. Біздің трансшекаралық өзендер мен көрші елдерге (суға) тәуелді болуымыз жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Сырттан келетін су көлемі қысқарып жатыр. Ескірген құбырлар мен арналардан су көп ағуда. Мәселен, 2022 жылы тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы далаға кеткен судың көлемі – 5,2 текше шақырым.
Ал трансшекаралық өзендерден келетін судың тапшылығы – 0,8 текше шақырым, - деді ол.