Таразда күдікті екі шетелдікті құлдықта ұстаған
Құжаттарын қайтару үшін жәбірленушілерден ақша бопсалаған
Таразда екі шетелдікті құлдықта ұстаған күдікті қолға түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қалалық полиция басқармасының 2-полиция бөліміне Өзбекстан Республикасының 24 және 40 жастағы азаматтарынан еңбекті пайдалану дерегі бойынша арыз түскен. Арызда жәбірленушілер ер адам жеке басты куәландыратын құжаттарын алып қойып, өздерін Тараз қаласындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеуге мәжбүр еткенін айтқан. Олар қашып үлгерген, алайда иелері құжаттарын қайтару үшін ақша бопсалаған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағымен («Бас бостандығынан заңсыз айыру») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол талап еткен шамамен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаның 200 мың теңгесін алған кезінде ұсталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ұсталған сәтте одан 200 мың теңге, Redmi 7 телефоны және құжаттар тәркіленді.
Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.