2 жаңа автозауытты іске қосу жоспарланған
Алдағы екі жылда Алматыда Қытай автокөліктерінің өндірісі іске қосылады. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, кемінде 220 мың авто өндірісі бар автокластерді қалыптастыру шеңберінде жобалық қуаты 170 мың автокөлікке дейінгі 2 жаңа автозауытты іске қосу жоспарланған. Осы жоба аясында қытайлық Changan, Chery, Haval брендтерінің мультибрендтік зауыты жылына 90 мың авто және Orbis Manufacturing зауыты жылына 80 мың авто құрастырады.
Алматыда экономиканы сапалы дамыту үшін жыл сайын 10% деңгейінде өсіммен инвестициялар тарту (2024 жылы – 1,8 трлн теңге, 2025 жылы – 2,1 трлн теңге) жоспарланып отыр. Индустриялық аймақты кеңейту 2025-2026 жылдары 230 млрд теңге сомасына қосымша жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар Алматы экономикасының 2025 жылы 6,5%-ға дейін өсуін жеделдетуге бағытталған.