Желтоқсан оқиғасы — Тәуелсіздіктің жаршысы болды
Осыдан 37 жыл бұрын солақай саясатқа қарсы шыққан өр рухты қазақ жастары бүгінде аға буынға айналды. Олар еліміздің әр аймағында жемісті еңбек етіп жүр. Соның бірі — Алматы тұрғыны, «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» ұйымы төрағасының орынбасары Аяп Ыдырыс, деп хабарлайды Kazinform.
Аяп Ыдырыс 1986 жылы Алматыдағы мал дәрігерлік институтында оқып жүрген. Әскерден келген оң-солын танып қалған жігіт болатын.
16 желтоқсанда халық көтерілгенде өзі сияқты бірнеше студент жатақханадағы қыз-жігіттерді ұйымдастырып, алаңға бастап барған.
Бейбіт шерудің соңы қақтығысқа ұласып кетеді деп мүлдем ойламаған екен.
Оның айтуынша, Желтоқсан оқиғасы — Тәуелсіздіктің жаршысы болды. Егемендік оңайлықпен келген жоқ. Біраз жас қыршынынан қиылып, біразының өмірі тас-талқан болды.
Жалынды жастар бейбіт шеру болады деген оймен алаңға жиналдық. Бірақ қыстың ызғарлы күнінде тоталитарлық жүйенің қаһарына ұшырадық. БТР-ларды дыбысын шығармай, оталдырмай сүйреп әкелді. Солдаттар ешкімді аямады. Қыздарды да соққыға жықты. Сол кезде қыз баланы ұрып жатқанда қалай қарап тұрасың? Бәріміздің қарындасымыз, әпкеміз бар. Оларды қорғауға тырыстық. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтсе де, бәрі көз алдымда, — дейді «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» ұйымы төрағасының орынбасары Аяп Ыдырыс.
Айтуынша, бүкіл осындай ұйымдардың ең басты мәселесі — желтоқсаншыларға ақталған деген мәртебе алу.
«Қайта-қайта хат жазып жатырмыз. Алды 70-ке келді. Ең жасы 55-те. Ақталған деген сөздің өзі ұнамайды. Не үшін ақталасың? Елімнің болашағы үшін, егемендігі үшін алаңға шықтық», — дейді ол.