Айтуынша, Желтоқсан оқиғасынан кейін мәйітханада 7 күн жатқан.
1986 жылдың желтоқсанында Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарының ішінде Ақкүміс Ықыласова да болды. Тірі болғанына қарамастан бірнеше күн мәйітханада жатқан желтоқсаншы Kazinform тілшісіне 37 жыл бұрын алаңда болған жағдай туралы сұхбат берді.
«17 желтоқсан күні алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. Олардың ішінде біз де бармыз. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным», «Елім- ай» әнін айтып алаңда жүрдік. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениетінің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап еттік. Бейбіт шеруге шыққандықтан «Тараңдар!» деген сөзге көнетін біз бе? Өз талабымызды айтып, тарқамай тұра бердік. Бір кезде айқай-шу басталып кетті. Алдымыздан артқа қарай ығыстырылған кезде, құлап қалғандарға шалынып мен де аяқтың астында тапталып қалдым. Бәрі шым-шытырық болып кетті. Өрт машинасы суық су шашты, соққылар алдық. Сонда да жүрміз. Бізге тіпті қашуға мүмкіндік те болмады. Қоршауда қалдық», - дейді ол.
Айтуынша, Желтоқсан оқиғасынан кейін мәйітханада 7 күн жатқан.
«О дүниеден келген қыз» деп жазушы Талғат Айтбайұлының «Алматы: 1986 желтоқсан» деген кітабының екінші томында бар. Сол күнгі мұзды аязды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 18 желтоқсан күні түнгі сағат 2-лер шамасында бізді өлімші қылып сабады. Сол кезде мен есімнен танып қалыппын. Кейін қасымдағылардан естідім. Бізді қоқыс тиейтін көліктерге тиеп, қала сыртындағы полигонға апарып төккен екен. Ал енді мәйітханада жатқаным туралы болса, ол енді рас. Свалкада жатқанда мені қыздар мен жігіттер көрген. Алып кеткен. Сол жақта арбамен бөтелке жинайтын сығандар жүретін. Солардың біреуі кезігіп қалған ғой. Бізді қаланың шекарасына дейін жеткізіп тастапты. Алайда тағы да милицияға ұсталып қалыппыз. Менің есімде ештеңе жоқ. Целинный кинотеатрының маңында жатқан жерімнен таныс қыз көріп қалып, милицияға мені ауруханаға апаруды өтінген екен. Мені 12-ші қалалық ауруханаға апарады, дәрігерлер «мынау өліп қалған, мәйітханадан аласыңдар» деген. Есімді еміс-еміс білемін, орыс кемпір келіп тұр екен. Сол кемпір 7 күн мәйітханада жатқан мені дәрігерлерге алып барып тірі екенімді айтқан. 9 күн емделгеннен кейін мені ауруханадан шығарды», - деп есіне алады желтоқсаншы.