Полиция қазақстандықтардан көмек сұрайды
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанда «Шырша» жедел шарасы басталды, деп хабарлады ktk.kz.
Полиция мен табиғат қорғаушылары арнайы топ құрып, шыршаны шапқандармен күреседі.
Құжатсыз шырша сатқандарға жаза – қатаң. Полиция қарапайым тұрғындарды да аталған шараға ат салысуын сұрайды. Кесілген шырша үшін айыппұлдың ең аз мөлшері – 170 мың теңге. Тіпті, ұзақ мерзімге сотталуы да мүмкін.
Шығын 100 АЕК-тен (345 мың теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) асқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Қылмыстық кодекспен іс-әрекеттің ауырлығына байланысты 160 АЕК көлемінде (552 мың теңге) не одан жоғары айыппұл немесе 10 жылға бас бостандығынан айырылады, - деді СҚО ПД Табиғат қорғау полициясы тобының инспекторы Көркем Ғалиулина.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің қазақстандықтарға ескерту жасағаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Өскеменде полиция тәулік бойы рейд жүргізетіні белгілі болған.