Түркістан қаласындағы жаңадан берілген үйлерде жылу жоқ
Қара суықта үйдің төбесіндегі құбыр жарылып, үстіңгі қабаттағы пәтерлерді түгел су алып кеткен
Түркістан қаласындағы жаңадан берілген үйлерде жылу жоқ. Тұрғындардың бүрсең қағып отырғанына аптадан асты. Қара суықта үйдің төбесіндегі құбыр жарылып, үстіңгі қабаттағы пәтерлерді түгел су алып кеткен. Ол аздай, екі күн бұрын тұрған күшті желден үйлердің қасбеті жұлынып қалған.Бүкіл мердігер компания жұмысшылары мен коммуналдық мекемелер жұмыс істеп жатырмыз десе де, жауаптылар жылудың жоғалу себебін әлі таппаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Нұрсұлтан Сити» деп аталатын кешен қолданысқа биыл берілген. Шаршы метрін 300 мыңнан несиеге алған тұрғындар «су төбемізден аққанда есімізді жия алмай қалдық» дейді. Сөйтсе күшті желден шатыры ұшып, қара суықта жылытқыш оралмаған құбырлар жарылып, 12-ші қабаттағы пәтердегі үйлерге өткен су бесінші қабатқа дейін жеткен. Онсыз да жылуы жоқ тұрғын үйдегілер түні бойы пәтерді басқан сумен алыстық дейді.
Мердігерлер бүгін-ертең ақаудың бәрін түзіп, келтірілген шығынды өтеп береміз деп құтылып жатыр. Қымбат көпқабатты үйдегі жылуды да бірер күнде күшейтеміз деп уәде береді. Бәрінен де сорақысы, облыс әкімдігінің іргесінен салынып, былтырдан бері негізінен кезекте тұрғандарға берілген 13 көпқабатты үйлерге обал боп тұр. Мұнда күшті желден үйлердің қасбеттері ұшып, бүлініп жатыр. Тұрғындардың көпшілігі мұздай үйін тастап безіп кетіпті. Ал барар жері жоқтар пәтердің өзінде далада жүргендей киініп жүр. Әсіресе балалар жиі ауырып жатыр дейді.
Шенеуніктер жылуы жоқ үйлердің басында күндіз-түні жүргенін айтады. Жылу жүйесіндегі бірнеше ақауды осыған дейін реттедік деген олар, жылудың мардымсыз болып тұрғанымен келіседі. Ал құбырдағы қызудың нақты неден жоғалып жатқанын әлі зерттеп жатыр. Әзірше сапасыз салынған үйлерді әкімдік есебінен жамап жатырмыз дейді.
«Себебінің біреуін айтайын, терезелерден жел гуілдейді деген болды. Оған біз арнайы жауапты мамандарды бекіттік, әр үйді біртіндеп аралап, жаңағы бітелмеген, қалған үйлерді біртіндеп жөндесін деп жатырмыз. Бәрін бірден істей алмаймыз. Кезек-кезекпен істеп жатырмыз», - деді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков.
Жылуы жоқ үйлерге мердігер мен қаланың коммуналдық мекеме жұмысшылары жұмылдырылды. Себебін нақты білмесе де, атқамінерлер ертең кешке дейін әр пәтерде жылу 18 градустан түспейді деп есеп беріп жатыр. Сондай-ақ желден бүлінген, арасында сылағы жоқ қасбеттер де бірер күнде қайтадан жамалатын болды.