Маңғыстауда 130-дан астам жасөспірім полицияға жеткізілді
138 ата-ана жауапкершілікке тартылды
Маңғыстау облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараға Маңғыстау облысы полиция департаментінің жеке құрамы және білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері жұмылдырылып, күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Рейдтік іс-шара нәтижесінде өңір көлемінде түнгі мезгілде заңды өкілсіз тұрғынжайдан тыс жүрген барлығы 135 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция басқармасына жеткізілді.
28 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасақталса, осы кодекстің 442-бабымен 138 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ әкімшілік кодекстің 435-бабында көзделген талаптарды елемей, құқық бұзушылыққа жол берген 18 азамат анықталды.