Осылайша, биылғы жылға жоспар орындалады
Оқу-ағарту министрлігі үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін, сондай-ақ оқушылар орнының тапшылығын жүйелі шешу үшін жаңа білім беру орындарын ашуды жоспарлы түрде жүргізіп жатыр.
Тәуелсіздік күні қарсаңында елімізде 7 344 орындық 13 жаңа мектеп ашылады деп жоспарланып отыр. Осылайша, биылғы жылдың басынан бері пайдалануға берілетін 95 344 орындық жаңа мектептердің саны 109-ға жетеді.
Жалпы, осы жылдың аяғына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 132 мың орынға арналған 154 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 76 738 орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 12 апатты жағдайдағы және 29 үш ауысымды мектептің проблемасын, 113 елді мекендегі оқушы орындарының тапшылығын шешеді, – делінген министрліктің хабарламасында.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып жатыр. Биыл 217 мектептің құрылысы басталды. Олар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба ең алдымен қалалар мен болашағы бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептерді салуға, оқушылар мен педагогтерге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Жалпы, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр.