Мажарстан Украинаға көмек ретінде жіберілетін 50 млрд долларды бұғаттап тастады
Қазір бұл ел ЕО-ның Украинаға қатысты барлық шешіміне тосқауыл қойып отыр
Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан Украинаға көрсетілетін 50 миллиард доллар көлеміндегі көмек тағы бұғатталғанын мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
ЕО саммитінің түнгі кездесуінің қорытындысы: Украинаға қосымша ақшаға вето қойылды. Тиісті дайындықтан кейін келесі жылы бұл мәселеге қайта ораламыз, - деп жазды Виктор Орбан X әлеуметтік желісінде.
Ал Еурокеңес басшысы Шарль Мишель Еуроодақ басшылары 2024 жылдың басында Украинаға қаржылық көмекті бірауыздан бекітеді деп үміттенетінін айтқан болатын.
Қазір Мажарстан ЕО-ның Украинаға қатысты барлық дерлік шешіміне тосқауыл қойып отыр. Соның ішінде 500 миллион еуро көлеміндегі әскери көмектің сегізінші траншы, 2024 жылы әскери қолдау үшін Еуропалық Бейбітшілік қорынан 5 миллиард еуро бөлу, төрт жылға созылатын әскери көмек үшін 20 миллиард еуро көлеміндегі пакет, сондай-ақ 50 миллиард еуро көлеміндегі 2024-2027 жылдарға арналған макроқаржылық көмек бар.
Бұған дейін Мажарстан премьер-министрінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Балаж Орбан өз еліне еуропалық қорлардан бөлінген қаражаттан бұғат алынса, Будапешт Киевке ақша бөлуге қойылған ветодан бас тартуға дайын екенін мәлімдеген еді.
Сәрсенбі күні Еурокомиссия Мажарстан үшін бұрын бұғатталған 10 миллиард еуроға рұқсат етуге уәде берді. Брюссель бұл қадамға Виктор Орбан Украина мәселесі бойынша келісім береді деген үмітпен барып отыр.