Келіссөзде Мажарстанның ұстанымы ескерілмеді
Еуропа одағының басшылары Украина мен Молдованы ұйымға қабылдау туралы келіссөзді бастайтын болды. Ал Грузияға кандидат статусы беріледі.
Украина мен Молдованы ЕО-ның мүшелігіне қабылдау туралы мәселеде Мажарстанның ұстанымы ескерілмеді. Мажарстан дауыс беруге қатыспады. Оның премьер-министрі Виктор Орбан залдан шығып кетті.
Украина халқы елді ЕО-ға қабылдау туралы келіссөздің болатынына сүйінші сұрап, қуанып жатыр. Ел президенті Владимир Зеленский бұл оқиғаны тарихи мәні зор оқиға деп атады.
Қазір біздің ел тарихты жазып жатыр. Бұл – жүз жылда, тіпті, мың жылда бір келетін оқиға. Мен осы жолда күн демей, түн демей еңбек еткен баршаңызды құттықтаймын! Біз жаңа тарихтың ақ парағын ашып, қолтаңбамызды қалдырып жатырмыз. Тарихи сәтке куә болып отырмыз, – деді ол.
Осы ретте Зеленский Украинаға ЕО-ға мүше болуға көмектесіп жатқан барша елге, әсіресе Молдованың перзиденті Мая Сандуға алғыс айтты.
Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба болса, Еуропа одағына мүше болу процесі өте ұзақ болғанын, оған Мажарстанның кедергі келтіріп жатқанын айтып, ЕО-ға қабылдау мәселесі көпшілік дауыспен шешілгенін атап өтті.
Дәл қазір Еуропа елдерінің Сыртқы істер министрлері телефоныма үзіліссіз хабарласып, құттықтап жатыр. Бұл Украинаның ЕО-ға қосылуына енді ештеңенің де кедергі болмайтынын көрсетеді. Еуропа мемлекеттері Украина ЕО-ға қосылса, Еуропа Одағы одан әрі дамып, қауіпсіздігі нығая береді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Ол – алдымен халқымыз пен сарбаздарымыздың жеңісі. Олар бұл жеңіске әбден лайық, – деді Кулеба.
Молдованың президенті Мая Санду елдің ЕО-ға қосылу туралы да ойын айтты. Оның айтуынша, Молдова қарт құрлық үшін кез келген сынаққа, күреске дайын.
Жасыратын несі бар, біз Еуропаның жылы құшағын енді ғана сезіндік. Молдоваға ЕО-ға қосылу үшін есік ашып, келіссөзге рұқсат бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бізге сенім білдіргендеріңізге рахмет! Бүгін біз үшін тарихи күн болды, – деді Санду.
Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель, Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляен мен Еуропа Парламентінің басшысы Роберто Метсола да бірауыздан келіссөзді қолдайтындарын мәлімдеді.
Бұл біздің кімнің жағында екенімізді көрсетіп отыр. Біз Украинаның жағындамыз! Украина мен Молдоваға есік ашық. Грузияға үміткер мәртебесі берілді. Бұл да бір стратегиялық маңызды қадам, - деді олар.
Украина Еуропа одағына қосылу туралы өтінішті 2022 жылы 28 ақпанда берген болатын. Сол кезде Ресей әскері Украинаға басакөктеп кіріп, оңтүстік-шығыстағы облыстарын жаулап ала бастады. Содан кейін 23 маусымда Украина ресми түрде ЕО-ға мүше болуға үміткер атанды. Ал кеше Украина мен Молдованы ұйымға қабылдау туралы келіссөз басталды.