Өнімдерініәң дәрілік қасиеті жоқ және жарнамада көрсетілген ауруларды емдей алмайды
Саумал өндіруші жалған жарнама таратқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы облысының прокуратурасы интернет желісінде, соның ішінде танымал блогерлер, спортшылар және әртістердің парақшаларына талдау жүргізді. Оның нәтижесінде тағамға биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттерін асыра сілтеу арқылы жарнама таратылып жатқаны анықталды.
Анықтама үшін: ББҚ – тағаммен бір мезгілде қабылдауға немесе тағамдық өнімнің құрамына қосуға арналған табиғи және (немесе) табиғимен бірдей биологиялық белсенді заттар, сондай-ақ пробиотикалық микроорганизмдер.
Желіде «NEOSAUMAL, SAUMAL» сублиматтау әдісімен құрғақталған бие сүті қант диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды емдейтін бірегей өнім ретінде белсенді жарнамаланып жатыр. Азаматтардың шағымдарын назарға ала отырып, облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өнім жарнамасының рас-өтірігін тексерді, – делінген прокуратура хабарламасында.
SAUMAL-дың тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде жалпы нығайтушы, имундық ынталандырушы, тыныштандырғыш өнім ретінде тіркелгендігі анықталды. Басқаша айтқанда, дәрілік қасиеті жоқ және жарнамада көрсетілген ауруларды емдей алмайды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 56-бабы 2-бөлігіне сәйкес, ББҚ-ның жарнамасы анық болуға, арнайы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай түсініліп-танылмауға, тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауға тиіс. Кодекстің 56-бабы 3-тармағының 11) және 13) тармақшалары бойынша жарнамада қант диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды «емдеу тәсілдерін» көрсетуге, ББҚ-ларды бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға тыйым салынған.
Осылайша, компания азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, көрінеу жалған жарнаманы тарату арқылы әкімшілік құқықбұзушылық жасаған.
SAUMAL-дың өндірушісіне қатысты 2023 жылғы 30 қарашада ӘҚБтК-тің 157-бабы («Көрiнеу жалған жарнама») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 175 АЕК көлемінде (603 мың 750 теңге) айыппұл салынды. Ол 2023 жылғы 5 желтоқсанда компанияның өз еркімен төленді, – делінген хабарламада.
Алматы облысының прокуратурасы тұтынушыларға ББҚ-ларды, дәрі-дәрмектерді және басқа тауарларды сатып алар алдында білікті мамандардан олардың қасиеттерінің растығын тексеруді ұсынады. Сондай-ақ тауар өндірушілерді сатылымдағы өнімнің мақсаты мен қасиетін асыра сілтеп жарнамалау үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді.