ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады
Жаңа жыл қарсаңында рейд жүргізіледі
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардан шыршаны заңсыз кесу деректері туралы хабарлауды сұрайды, деп жазды Polisia.kz.
Қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуді болдырмау – полицияның жаңа жыл қарсаңындағы міндетінің бірі.
Биыл 15 желтоқсаннан бастап ІІМ «Шырша» акциясын бастады. Акция барысында табиғатты қорғау полициясы орман алқабында рейдтер жүргізеді. Оған орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері де қатысады.
Полицейлер ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 50 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл (172 500 теңгеден 517 500 теңгеге дейін, 1 АЕК – 3 450 теңге) қарастырылған. Егер құқыққа қайшы әрекетімен табиғатқа орасан залал келтірілсе, онда 160 АЕК-тен (552 мың теңге) 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ егер сіз шыршаларды немесе басқа қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз сатудың немесе тасымалдаудың куәсі болсаңыз, полиция сізден 102 телефонына хабарласуды сұрайды.