Олар заңгермен бірге банк бөлімшесіне барған
Ұлттық ұлан сарбаздары несие төлеуден уақытша босатылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр желтоқсанда Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сарбаздарға «несиелік демалыс» беру туралы меморандумға қол қойған еді. Осыған байланысты Өскемендегі Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің заңгерлері банктерге барып, сарбаздардың несиесін шегеру жұмысын жүргізген.
Аталған әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Серік Ноғаев сарбаздарда несие төлеуге қатысты мәселе барын мойындады.
Өкінішке қарай, жас жігіттер әскерге дейін несие үстіне несие ала берген. Әсіресе, микроқаржы ұйымдарынан ақша алғандардың саны басым. Егер оларды уақытша тоқтатпаса, берешек те күн санап өсіп, несие тарихына да нұқсан келеді. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеуге келген шамамен қарызы бар 100 сарбаз әскери бөлім заңгерлерімен бірге банк бөлімшесіне барып, несие төлемдерін уақытша тоқтату туралы өтініш қалдырды, - деді майор.
Еске сала кетсек, енді берешегі бар сарбаздар несиесін әскери борышын өтеп келгеннен кейін ғана өтейді.