Екінші рет мобилизация болмайды – Путин (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Қазір Украинада 617 мың жауынгер соғысып жатыр, – деді РФ президенті

Фото: vedtver.ru

Ресей президенті Владимир Путин жылды қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатын бастады. Оған онлайн режимінде де сұрақтар қойылып жатыр.

Путинге РФ Президентінің әкімшілігі мен Қоғамдық халық майданының қызметкерлері сұрақтарды іріктеп берді. Барлығы 2 млн 100 мыңнан астам сұрақ түсіпті. Олардың арасында мониторингке сыймағандары алынып тасталған.

Мониторингке сыйғандардың арасында «Үнемі Бірінші арнада көрсетілетін Ресейге қалай көшіп баруға болады?», «Еуропаға да көгілдір отынды бердік. Енді газды Қытайға беріп жатырмыз. Ал Хакасияға қашан газ келеді екен?», «Қашан соғыс бітеді? Қашан келіссөзге отырасыз?», «Неге 300 мың адам бүкіл Ресей үшін соғысуы керек?», «Қашан сіз аспаннан жерге түсесіз?» деген сұрақтар да экраннан жылт еткен. Бірақ оларға Путин жауап беріп жатқан жоқ.

Ол алдымен елдегі саяси және экономикалық жағдайға қатысты сұраққа  жауап бергісі келіп, қазір Ресейде халықтың тұрмысы күн өткен сайын жақсарып жатқанын, инфлияцияның өсуі біржолата тоқтағанын, Орталық банк инфляцияны ауыздықтауға бар күш-жігерін салып отырғанын айтты.

Қазір елде өнеркәсіп өндірісі жақсы жолға қойылып отыр. Ол 3,6 пайыз өсті. Яғни, қайта дамып жатыр. Жалақы да орташа есеппен алғанда 8 пайыз өсті. Жұмыссыздық 2,9 пайыз түсті. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Соғысқа қарамай, дамып жатырмыз, – деді ол.

Осы жерде Путин Украинадағы соғысқа қатысты өз ойын айтты. Ол бұрынғы әдетінше соғысқа Украина мен Батыс елдерін айыптады. Оның айтуынша, соғысты Ресей бастаған жоқ. Ресейді соғысқа Батыс елдері итермелеген-міс. Украина солардың қолшоқпарына айналып, 2014 жылы елде төңкеріс жасаған. Соғыс сол кезде басталған.

Сондықтан Ресей өз мақсат-міндетін толық орындағанда ғана соғыс бітеді, – деді Путин.

Баспасөз мәслихатында соғыс туралы әңгіме қозғалғанда мобилизацияға қатысты сұрақ қойылды. Оған Путин бірден әскерге ішінара жұмылдырудың болмайтынын кесіп айтты.  

Біздің әскер жақсы соғысып жатыр. Қолда бар мәліметке қарағанда, күн сайын соғысқа келісімшартпен 1 500 адам сұранады екен. Біз жылдың соңына дейін 400 мың адамды соғысқа шақырамыз деп ойлағанбыз. Сөйтсек, әскери комиссариатқа 486 мың адам соғысқысы келетінін айтыпты. Сондықтан бізге мобилизацияның керегі жоқ. Қазір оның қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Мобилизациямен соғысқа барған адамдардың арасында 17 Ресей батыры бар. Олардың бәрі соғыс біткен соң жұмысқа орналастырылады. Менің ойымша, оларды мектепке жұмысқа алу керек. Сол жерде олар балаларға отансүйгіштікті үйретеді. Ал қазір Украинада 617 мың жас жауынгер соғысып жатыр, – деді РФ президенті.

Сонымен бірге Путин соғыс туралы әңгімені жалғастырып, Украинаның әлі басып ала алмаған қалаларын Ресейге қосатынын ишаралап түсіндірді.

Украинаның шығыс жерлерінде баяғыдан бері ресейшіл халық тұрып келеді. Олар сайлауда да ресейшіл көзқарастағы адамдарға дауыс беріп келген. Ал Одесса дейсіз бе, ол – нағыз орыстың қаласы. Оны бәрі біледі, – деді ол.

Путиннің пікірінше, ерте ме, кеш пе, Батыс елдері Украинаны қолдаудан жалығып, қолдарын бір сілтеп кетеді. Сонда Украина жападан жалғыз қалып, Ресейдің алдына өздері келеді.

Одан кейін Путин Израиль мен ХАМАС тобының арасындағы соғысқа қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, Ресей Палестина автономиясының тәуелсіздігін қолдайды. Палестинаның астанасы Иерусалим қаласының шығыс бөлігі болу керек. Сондықтан екі жақ тез арада келісімге келіп, соғысты тоқтатуы қажет.

Қазір Израиль Газа секторында бейбіт халықты қырып жатыр. Ресей Украинада ондай іске ешқашан барған емес. Осы жағынан алғанда, біз Израильдің саясатын қолдамаймыз, Ресей, керісінше, Таяу Шығыста бейбітшіліктің болғанын қалайды. Ол үшін Палестина халқына гуманитарлық көмекті аямай беруге дайынбыз, – деді ол.

Кездесуде басқа да тақырыптар бойынша сұрақтар қойылды. Соның ішінде Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан «Вагнер» жеке әскери құрылымының бұрынғы мүшелері әлі күнге дейін айлықтарымен қоса мемлекеттен тиісті көмек ала алмай жатқанын айтты.

Қазір Ресейде ешқандай жеке әскери құрылым жоқ. Бізде заң бойынша жеке әскери компаниялар құруға тыйым салынған. Сондықтан мемлекет жеке әскери құрылымдармен келісімшарт жасасқан жоқ, – деп жауап берді оған Путин.

Жиында Путин Ресейге жаңадан қосылған аумақтар туралы да айтып (Украинаның шығыс облыстары, – ред), оларды қолдау үшін келесі жылы мемлекеттен 1 трлн рубль бөлінетінін жеткізді. Бұдан кейін басқа да мәселелерге тоқталып, шама келгенше ресми деректерге қарап, жауап беруге тырысты. Ол Ресейдің егемендігі мен тәуелсіздігі елдің басты идеологиясы болу керектігін баса айтты.