Павлодар қаласы әкімінің көмекшісі мен жер қатынастары бөлімінің басшысы сотталды
Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды
Павлодар қаласы әкімінің көмекшісі, жер қатынастары бөлімінің басшысы және арадағы делдалға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеше Павлодар қаласының №2 сотында қала әкімдігінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы оның өкілеттігіне кірген әрекеттері, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін 2023 жылғы наурызда делдал арқылы кәсіпкерден 200 мың теңге көлемінде пара алған. Ол 2023 жылғы шілдеде ұсынылған құжаттар бойынша мәселені жағымды шешу үшін Павлодар қаласы әкімінің көмекшісі болған лауазымды қызметкерге 200 мың теңге пара берген. 2023 жылдың тамызында бөлім басшысы процесті жеделдету, оның өкілеттігіне кіретін іс-әрекеттерді оңтайлы шешу және жалпы қамқорлығы үшін делдалдан тағы 150 мың теңге пара алған.
Қала әкімінің көмекшісі мен делдалға олардың бірнеше рет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағанын және неғұрлым белсенді рөл атқарғанын ескере отырып, сот 7 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады.
Кінәні мойындауын, асырауында 3 жас баланың болуын ескере отырып, жер қатынастары бөлімінің басшысына пара сомасының 50 еселенген мөлшерінде, 10 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындады.
Кәсіпкерге қылмыс жасаудағы рөлін, кінәні толық мойындауын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, пара сомасының 26,6 еселенген мөлшерінде, 5 млн 320 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
Сотталған бөлім басшысы мен әкімнің көмекшісі өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ жер қатынастары бөлімінің басшысынан мемлекет кірісіне 200 мың теңге, әкімнің көмекшісінен 350 мың теңге мөлшерінде пара сомасы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.