Мемлекет басшысы футзалдан Қазақстан-Нидерланд матчын тамашалайды – ҚФФ

Дастан Жұмабекұлы

Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесуде ол маған ұлттық құраманың ойынын аренада отырып тамашалағысы келетінін айтты, - деді Кака

Фото: Никита Басов

Бүгін Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 2024 жылғы футзалдан әлем чемпионатының элиталық іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Нидерланд құрамаларының матчы болады. Матч сағат 20:30-да басталады.

Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, матчты тамашалауға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барады.

Бұған дейін футболдан Қазақстан мен Сан-Марино командаларының арасындағы ойында футзалдан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Пауло Рикардо Кака президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, оны футзалдан еліміздің бас командасының ойынына шақырған еді.

Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесуде ол маған футзалдың өте жақсы дамып жатқанын,  ұлттық құраманың ойынын аренада отырып тамашалағысы келетінін айтты. Мен 14 желтоқсанда Нидерландпен матч болады деп жауап бердім. Президент егер кестеде уақыт болса, біздің ойынға міндетті түрде келетінін ескертті, – деді Кака.

Қазақстан футзал федерациясының вице-президенті Нұрсұлтан Құрманның айтуынша, бүгін президент матчқа келеді. Өйткені бәрі келісіліп қойды.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобында ойнап жатыр. Қазір футзалдан еліміздің бас командасы төрт ойыннан кейін 12 ұпаймен көш бастап келеді. Ал қоржынында 1 ұпайы бар Нидерланд құрамасы 4-орында тұр.

Енді осы матчта Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, келесі жылы болатын әлем чемпионатына жолдама алады. Мундиаль 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында болады.

Футзалдан әлем чемпионаты элиталы турнирі 20 желтоқсанда аяқталады. 14 және 20 желтоқсанда әлем чемпионатына  қатысатын 7 команданың бесеуі анықталады.

Элиталы раундтағы бес топтың жеңімпаздары әлемдік додаға тікелей жолдама алады. Ал 2-орын алған төрт үздік команда плей-офф матчтарында ойнайды. Олардың жеребесі 2024 жылы 25 қаңтарда тартылады. Ал ӘЧ жолдамасы үшін қалған екі матч 2024 жылдың 8-17 сәуіріне жоспарланған.