Биыл көпбалалы отбасыларға 376,6 млрд теңге жәрдемақы берілді

Динара Амантай

Бұл әлеуметтік төлемді 540,8 мың отбасы алды

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 540,8 мың отбасы жалпы сомасы 376,6 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қарашада 557,3 мың отбасыға 37,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленген.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп, төленеді.

Көпбалалы отбасылардағы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр бала үшін 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.

Еске сала кетсек, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5% артқан.