Қытай АҚШ-қа үзілді-кесілді наразылық білдірді
ҚХР ресми өкілі ешкімге де елдің ішкі істеріне араласуға жол бермейтінін айтты
Қытай Америка президенті Джо Байденнің қажет болған жағдайда Тайваньды әскери жолмен қорғауға дайын екендігі туралы мәлімдемесіне байланысты АҚШ-қа наразылық білдірді. Бұл туралы дүйсенбі күні өткен кезекті брифингте ҚХР СІМ ресми өкілі Ван Вэньбинь мәлімдеді.
Қытай америкалық тараптың мәлімдемесіне байланысты үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Тайвань - Қытай аумағының ажырамас бөлігі, – деді ол.
Ван Вэньбинь сондай-ақ АҚШ Қытайдың өз егемендігін қорғау мүмкіндіктерін дұрыс бағалау керек екендігін атап өтті. Оның айтуынша, ҚХР ешкімге де оның ішкі істеріне араласуға жол бермейді.
Еске сала кетсек, Байден бір күн бұрын Жапония премьер-министрі Фумио Кисидамен бірлескен баспасөз мәслихатында Тайваньға әскери шабуыл жасаған жағдайда Қытаймен әскери қақтығысқа дайын екенін мәлімдеді. Ол Вашингтон Тайвань бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.
Бұған дейін ҚХР Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Ян Цзечи Вашингтон Бейжіңнің ішкі істеріне араласатын болса, Қытай егемендік пен ұлттық мүдделерді қорғау үшін қатаң шаралар қабылдауға дайын екенін айтқан болатын. Телефон арқылы сөйлеген сөзінде ол АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанды "Тайвань картасын"ойнаудан сақтандырды.
Тайвань мәселесі – соңғы 60 жылдағы Пекин мен Вашингтонның қарым-қатынасындағы ең күрделі мәселе. Тайвань БҰҰ-ға тәуелсіз мемлекет ретінде бірнеше рет кіруге тырысқан болатын, бірақ әр жолы ол сәтсіз аяқталып отырды. 2021 жылдың қыркүйегінде Тайвань БҰҰ-ға кіру науқанын қайта бастады.