Кейбір аймақтардың жолдарындағы патрульдік экипаждар саны 2-3 есеге көбейтілді
Үш күнде қар құрсауынан мыңнан аса адам құтқарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
10 желтоқсаннан бастап Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, кейбір өңірде экстремалды жағдайлар байқалды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тасжолдарда полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет етіп жатыр. Кейбір аймақтың жолдарындағы патрульдік экипаждар саны 2-3 есе көбейтілді.
«ҚазАвтоЖол» мен полицияның ескертулеріне қарамастан кейбір жүргізушілер тасжолдарға шығып кетіп, тек полицейлердің көмегімен ғана қайғылы оқиғалардың алдын алатын жағдайларға тап болуы да кездесіп жатыр.
12 облыста халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың учаскелері жабылды. Барлығы – 100 учаскеден астам. Жұмыс істеп жатқан жылыту пунктерінің саны – 500. Жолдарда суыққа тоңазыған 1 мың 12 адам құтқарылды. Оның 25-і – бала, – делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ 1 мың 100 жүргізушіге көмек көрсетілді.