Halyq Uni логотип
×

Қарағандыда үлескерлер миллиондаған қаражатын салып баспанасын ала алмаған

Баспана құрылысы сәулет басқармасының рұқсатынсыз тұрғызылған

 Халық үні 14.12.2023 | 07:42
Қарағандыда үлескерлер миллиондаған қаражатын салып баспанасын ала алмаған
фото: видеодан скриншот

Қарағандыда үй құрылысына миллиондаған қаражатын салып баспанаға жете алмай жүрген үлескерлер шу шығарды. Жиналғандар, шенеуніктер мен құрылыс компаниясы арасындағы келіспеушіліктің зардабын тартып отырмыз дейді. Себебі баспана құрылысы сәулет басқармасының рұқсатынсыз тұрғызылған. Оның үстіне үлескерлерді тартуға да құқы болмапты. Сондықтан басқарма баспананы бұзуды талап етіп сотқа арызданған, деп хабарлады КТК арнасы.

Құрылыс компаниясының кеңсесіне жиі жиналатын жұрттың талабы бір. Маңдай тер табан ақының қаражаты құйылған баспанаға қалай да болса кіру. Үй құрылысы аяқталуға шақ қалғанда тоқтап, тұрғындарын сот сергелдеңі телміртіп қойды.

Бұйырса жаңа баспаналы боламыз деп, жиған-тергенін үлеске салғандардың көбі 1 жарым жылдан бері әркімнің босағасында жүр. Айтуларынша құрылыс компаниясы техникалық бақылаусыз салса да, құрылыс аяқталғанда сараптама өткізген.

 Сәулет құрылыс басқармасындағылардың айтуынша, компания ешкімнің рұқсатынсыз, авторлық және техникалық бақылаусыз баспана салған. Құрылыс жүріп жатқанда жасалған ескертулерге құлақ аспайды. Сол кезде-ақ басқарма тарапы сотқа беріп, құрылысты тоқтату туралы шешім шыққан. Алайда олар тоқтатпақ түгілі үлескерлерді тартып, қаражаттарын игерген.

 2022 жылы соттың шешімімен бұл құрылыс монтаж жұмыстары тоқтау керек болған. Бірақ, мердігер ұйым оны тоқтатқан жоқ. Сот орындаушылары оны бақылады. Нысанға бірнеше рет барды. Бірақ ешқандай жұмыстарды тоқтата алмады. Авторлық және техникалық қадағалау жұмыстары да нақтыланбай жатыр. Рұқсат қағаздары жоқ, - деді Қарағанды облыстық Сәулет құрылыс бақылау басқармасының испекторы Думан Қасымжанов.

Құрылыс компаниясының өкілдері түсінік беруден жалтарды. Дегенмен қақаған аязда дірдектеген бір топ үлескер үй салғанның сойылын амалсыз соғып жүр. Олар биліктен баспанаға кіруге мүмкіндік беруді сұрайды. Заң талаптарын белшеден басқандар үшін керегі де сол сияқты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама