×

«АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды» - Блинкен

Мұхтар Тілеуберді еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 23.05.2022 | 15:01
фото: www.gov.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Вашингтонға сапарының екінші күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен екіжақты келіссөз өткізді.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Кездесуде тараптар екі елдің ынтымақтастығын ныйғайту мәселелерін талқылады.

Министр М.Тілеуберді Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып, АҚШ-пен ынтымақтастықты нығайта беретінін атап өтті.

«Дипломатиялық қатынастар орнатқанымызға 30 жыл болды. Осы уақытта біздің екіжақты өзара ынтымақтастығымыз кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», - деді министр.

Өз кезегінде Э.Блинкен АҚШ әрқашан Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын атап өтті.

СІМ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша жүргізіп жатқан түбегейлі өзгерістер және Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстандағы демократиялық өзгерістерді құптап, Вашингтонның саяси және экономикалық реформаларды іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.

Кездесуде сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Оның ішінде тараптар екіжақты және көпжақты пішіндегі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдады.

Сол күні  Сыртқы саяси ведомствосының басшысы АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Дэвид Туркпен келіссөздер жүргізді. М.Тілеуберді Қазақстан АҚШ-тың энергетика және ядролық қаруды таратпау саласында сенімді әріптесі екенін жеткізді.

Сапар шеңберінде М.Тілеуберді «Center for Strategic and International Studies» президенті Джон Хамре мен «Central Asia Caucasus Institute» төрағасы Фредерик Старрмен кездесулер өткізіп, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама