Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) ХАМАС ұйымы пайдалануы мүмкін деген Газа секторындағы жерасты туннель кешеніне теңіз суын жібере бастады.
Wall Street Journal газетіне сілтеме жасаған ria.ru-дың хабарлауынша, Израиль АҚШ-қа Газа секторындағы туннельге су жіберетінін алдын ала ескерткен. Оған Америка Құрама Штаттары келісімін берген.
Израильдің ХАМАС-тың жерасты туннеліне су жібергенін қолдаймыз. Ол жерде қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған шығар, – деп хабарлады Ақ үйдің әкімшілігі.
Операция бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Осы уақытта Израиль жерасты туннелін суға толтырып, ХАМАС-тың қарулы жасақтарын жоюды мақсат етіп отыр. Ал америкалық шенеуніктер туннельге су жіберілсе, адамның қазасы емес, Газадағы тұщы суға төнетін қауіп алаңдататынын айтты.
Газа секторындағы тұщы суға қауіп төнсе, топырақ қауіпті заттармен ластанады ғой, – делінген Ақ үй әкімшілігінің хабарламасында.
Израиль Газа секторындағы жерасты туннель кешеніне теңіз суын жібере бастағанда БҰҰ соғысты дереу тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Гилад Эрдан Бас ассамблея қарарында ХАМАС тобы туралы айтылмағанына наразы болып, оны «екіжүзді» деп атады. Ал резолюцияны 153 мемлекет қолдады. 10 мемлекет қарсы дауыс берді. 23 ел қалыс қалды. Қарсы дауыс бергендер арасында АҚШ, Парагвай, Австрия және Израиль бар.