Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа СҚО шаруаларының қиындықтарға қарамастан 3,7 миллион тонна астық жинағаны баяндалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сондай-ақ облыста 13 сүт фермасының құрылысы жүріп жатқаны, оның алтауы жыл соңына дейін іске қосылатыны туралы мәлімет берілді. Аграрлық секторда 80 миллиард теңгенің 27 жобасын іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 1 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл өңір халқының құс етіне, сүт өнімдеріне, көкөністерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал өнеркәсіп саласында құны 469 миллиард теңге болатын 39 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл 6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл 15 жоба іске қосылады.
Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, жаңа нысандар салу арқылы 25 ауыл сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ кешенді блок-модульдер орнату арқылы 149 ауылға және топтық құбыр жобалары есебінен 46 ауылға су беріледі.
Сонымен қатар президентке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 4 мектеп салынатыны айтылды. Қазір мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме іске қосылады. Оның сегізі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ облыс орталығында екі емхана салынған. Уәлиханов ауданында емхана құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдегі жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және халықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.