Алматы қаласы білім басқармасының лауазымды қызметкерлеріне қатысты тергеу аяқталды

Динара Амантай

Қылмыстық іс сотқа жіберілді

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласы білім басқармасының лауазымды қызметкерлеріне қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала прокуратурасы жетім балалар мен оқушыларға арналған лагерьді ұйымдастыру бойынша жеткізуші компанияны конкурстың жеңімпазы деп танығаны үшін бөлім басшысының 12 млн теңге көлемінде пара алуға әрекеттену фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жіберді.

Сондай-ақ прокуратураның нұсқауы бойынша лауазымды қызметкерлерді заңда белгіленген жауаптылыққа тарту үшін Алматы қаласының әкімдігіне қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы санатындағы алматылық оқушыларға саунада орналасқан балалар лагеріне тегін жолдама берілгенін хабарлаған болатынбыз. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау бұл балалар лагеріне бюджеттен 107,8 млн теңге бөлінгенін айтқан еді.