Алматыда жанып жатқан үйден бес адам құтқарылды (ВМДЕО)
Кезекші ауысымның нақты және үйлесімді әрекеттерінің арқасында отбасы мүшелерінің жарақаттануына жол берілмеді
Алматыда жанып жатқан үйден бес адамнан тұратын отбасы құтқарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 желтоқсанда сағат 03:03-те бөлімше пультіне Наурызбай ауданы, Таусамалы шағын ауданы, Сәдуақасұлы көшесі, 125 үй мекенжайынан шыққан өрт туралы хабарлама түскен.
Аға инженер, кезекші ауысымның басшысы, азаматтық қорғау капитаны Ж. Әкетай өтініш берушімен байланысып, жеке тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы ақпарат алды. Өрт орнына келгеннен кейін өрт сөндіру басшысы үйде адамдардың болуына барлау жүргізу, сондай-ақ өртті сөндіруге оқпандарды бере отырып, өртке қарсы іс-әрекетті өрістету туралы бұйрық берді.
Барлау жүргізу барысында бөлімше командирі Ш. Таипов, аға өрт сөндіруші Ж. Мамыт адамдарды тапты, олар шок күйінде болған.
Кезекші ауысымның нақты және үйлесімді әрекеттерінің арқасында отбасы мүшелерінің өліміне және жарақаттануына жол берілмеді. Ер адам, әйел, жігіт пен екі қыз құтқарылды. Өрт 03:24-те оқшауланды, 3:40-та толығымен жойылды, – делінген ТЖД хабарламасында.
Сонымен қатар, үйлесімді жедел іс-қимылдардың арқасында тұрғын үйдің бөлмелеріне оттың таралуына жол берілмеді және сөндіру жұмыстары кезінде су төгілуінен туындайтын материалдық шығын барынша азайтылды.