Ескі сүрлеуге түсіп кетпей, тек алға ұмтылуымыз керек – мемлекет басшысы

Дастан Жұмабекұлы

Тоқаев «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлығын табыс етті

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.

Бизнеспен 4,3 миллион адам айналысып жатыр

Салтанатты жиында мемлекет басшысы қазір елімізде бизнес саласының қарқынды дамып келе жатқанын, бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асқанын айтты.

Бұл – шын мәнінде жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз.

Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен іске асып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды, – деді ол.

Жиында Тоқаев биыл еліміздің жаңа экономикалық үлгіге көше бастағанын, ол үшін алдымен экономикамызда әділдік болуға тиіс екенін, сондықтан бірқатар маңызды мәселеге назар аудару қажеттігін атап өтті.

Біріншіден, мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 2 есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады.

Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақтылы және кедергісіз іске асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек. Мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді. Бұл жұмыс Инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді, – деді президент.

Оның айтуынша, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс.

Келесі жылдан бастап өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар үш жылға салықтан босатылады.

Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмама сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. Әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізу қиынға соғады.

Екіншіден, өздеріңізге белгілі, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны 2 есе, яғнии 837-ден 402-ге дейін азайды. Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен 5 есе, атап айтқанда 416-дан 92-ге дейін қысқарды, – деді мемлекет басшысы.

Осы ретте сөз сөйлеуші инвестициялық жобалардың прокуратура органдарының сервистік қадағалауында болатынын, бұл жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізілетінін, сөйтіп, инвесторлар рұқсат беретін құжатты оңай алып, оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдететінін атап көрсетті.

Цифрлық платформаны созбаққа сала бермей, тез арада құру керек

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық платформаны созбаққа сала бермей, тез арада құруды тапсырды. Оның айтуынша, сол арқылы инвестициялық жобалардың іске асырылу процесін нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты барлық шешімі мен шектеу шаралары бойынша «прокурорлық сүзгі» жұмыс істей бастайды. Осылайша, инвесторларды негізсіз айыппұлдар мен салықтардан, әділетсіз және ұзаққа созылған сот дауларынан қорғайды. Жалпы, бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігер жұмсалмақ.

Елімізде жасанды интеллект жүйесін құру – өз алдына бөлек әрі өте маңызды мәселе. Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты. Сондықтан бұл бағытқа өзім жетекшілік етемін және шетелдік, отандық мамандармен кездесемін. Сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстаймын, – деді баяндамашы.

Жиында мемлекет басшысы елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруды да тапсырды. Оның пікірінше, елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруда нақты шаралар қолға алынып жатыр. Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды.

Бүгінде ірі шикізат өндірушілермен 25 келісім жасалды. Бұдан бөлек, шикізат бағасын арзандату үшін қосымша шаралар қолға алынды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана шикізатты экспорттай алады. Бұл шешім дайын өнім өндіруге және оны сыртқы нарыққа көбірек шығаруға ықпал етеді. Сондай-ақ мыңдаған жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Бұл – біздің үшінші бағытымыз.

Тағы бір маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруға тиіс. Осы саланың импортқа тәуелділігін азайту үшін ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі – жалаң цифр емес, нақты міндеттер, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді.

Менің бұл мәселеге әрдайым баса мән беретінімді білесіздер, –  деді ол.

Алдымызда тұрған аса маңызды міндет – ауылды жан-жақты дамыту

Сонымен бірге ол ауылды жан-жақты дамыту мәселесіне де кеңірек тоқталды.

Алдымызда тұрған аса маңызды міндет – ауылды жан-жақты дамыту. Себебі ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді, – деді президент.

Мемлекет басшысы, төртіншіден, Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізгенін, соның нәтижесінде 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталғанын айтты.

Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі.

Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралына айналады. Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау 2 есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды.

Бизнесмендердің салығын 30 пайызға азайту жоспарланған

Марапаттау рәсімінде Тоқаев бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етеді. Атап айтқанда, онда фискальды органдарды әкімшілендірудің сервистік моделіне көшіру мәселесі қамтылады.

Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады.

Сондай-ақ, ол елімізді геосаяси текетірес және мемлекеттер арасындағы бақталастықтың ушығып бара жатқан құбылмалы заманда стратегиялық бағдарға сай әрекет етіп, дамыту керектігін назарға алды.

Мен осы алқалы жиында басқа да бірқатар маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңіне қадам басты. Адамзат аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Геосаяси текетірес және мемлекеттер арасындағы бақталастық ушығып барады. Осындай құбылмалы кезеңде біз стратегиялық бағдарымызға сай әрекет етуіміз керек, – деді Тоқаев.

Оның пікірінше, жан-жақты жоспарлап, тиянақты жасалған шаруа ерте ме, кеш пе, жемісін беретіні сөзсіз. Мысалы, еліміз соңғы жылдары білім беру саласына баса мән беріп келеді. Нақты шешімдер мен шаралардың арқасында мұғалім мәртебесі әлдеқайда көтерілді. Мектептегі орын тапшылығын жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда.

Биыл жүзге жуық білім ошағы бой көтерді. Қазіргі таңда осындай ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі бар. Атап айтқанда, халықаралық PISA рейтингі бойынша Қазақстандағы орта білімнің сапасы едәуір артты. Басқа да салаларда оң өзгеріс бар.

Басты мақсат – халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту

Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында Қазақстан халқының саны  20 миллионға жеткенін, мемлекет елдің жағдайын жақсарту үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін істейтінін атап өтті.

Жақында Қазақстан халқының саны  20 миллионға жетті. Бұл – тарихи белес. Оған бүкіл ел болып қуандық. Халық санының көбеюі мемлекетіміздің дамуына қосымша серпін беріп, елімізге абырой әкелетініне еш күмән жоқ. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – барша жұртымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету.

Былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Бұл – еліміздегі медициналық қызметтің сапасымен қатар, азаматтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр деген сөз, – деді ол.

Оның сөзінен белгілі болғандай, ұлт руханияты да жаңаша өркен жайып келеді. Ірі қалаларда, ауыл-аймақтарда мәдени жаңғыру байқалуда. Мысалы, еліміздің әр түкпірінде апта сайын ондаған концерт, спектакль қойылады. Соған қарамастан жұрт театрға билет таппай жатады.

Қоғамымызда, әсіресе жастар қауымында креативті индустрия қарқынды дамып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс.

Мен облыстарға жұмыс сапарымен жиі барып тұрамын. Биыл да бірнеше аймақта болдым. Әр облыста жұртшылықпен, соның ішінде бизнес өкілдерімен кездесіп жүрмін. Аймақтарда көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Биылдың өзінде еліміз бойынша жалпы құны 376 миллиард теңге болатын 91 инвестициялық жоба іске асырылды. Соның арқасында 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашу – жалпымемлекеттік міндет. Өйткені, бұл жерде халықты жұмыспен қамту, қоғамдағы масылдық психологиядан арылу туралы айтылып отыр, – деді мемлекет басшысы.

Президент Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесіне де назар аудартты.

Оның айтуынша, Қазақстанға әлемдік және аймақтық өнеркәсіп алпауыттары келіп жатыр. Мысалы, жақында Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталды. Өзге де автомобиль брендтерін шығару көзделіп отыр. Біз алдымызға шынайы индустрияландыру және елдің жаңа өндірістік негізін қалыптастыру міндетін қойдық.

Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады, – деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі бүкіл еліміздегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту аса қажет екенін айқын көрсетті. Бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді.

Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу  мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды.Алдағы үш жылда 1300 шақырым темір жол іске қосылады.

Алдағы үш жылда 1300 шақырым темір жол іске қосылады

Басқосуда мемлекет басшысы авто және теміржол саласын дамыту мәселесін айтып, биыл 850 шақырымнан астам жол салынса, алдағы үш жылда 1300 шақырым темір жолдың іске қосылатынын жеткізді.

Ол өз сөзінде еліміздің Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқанын, Батыстан Шығысқа баратын негізгі жолдар біздің еліміз арқылы өтетінін, сол үшін осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігін айтты.

Сапалы жол дегеніміз – ел экономикасының күретамыры. Біз авто және темір жол желілерін тұрақты дамытып келеміз. Биыл 850 шақырымнан астам жол салдық. Алдағы үш жылда 1300 шақырым темір жол іске қосылады, – деді президент.

Жиында IT секторын дамыту жайын да назардан тыс қалмады. Президент IT индустрия экспортын 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізуді тапсырғанын еске салды.

Қазақстан электронды үкімет пен қаржылық-технологиялық даму индексі бойынша әлемде жетекші орын алады. Жақында ғана біз ұлттық валютаның инновациялық форматы – цифрлық теңгені іске қостық. Бұл маңызды қадам отандық қаржы жүйесінің дамуына тың серпін беретініне сенімдімін.

Елімізде IT секторы қарқынды дамуда. Озық мемлекеттер экономикасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT индустрия экспорты бес есе өсті. Мен оның көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедім.

Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бастап, шағын сервистік жобаларға дейінгі экономиканың барлық саласын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды, – деді ол.

Мемлекет басшының пікірінше, еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс. Мұның бәрі – біздің жұмысымыздың міндеттері мен нақты нәтижелерінің аз ғана бөлігі.

Барлық саладағы өзгерістердің қарқынын арттырып, одан әрі дамыта беруге міндеттіміз. Түрлі салада қордаланған проблемалар аз емес. Бұл жағдайға азаматтардың алаңдауы – заңдылық.

Үкіметтің күн сайынғы және жүйелі жұмыстарының нәтижесінде барлық өзекті мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Дегенмен еліміздің даму жолында қуатты серпіліс жасау үшін күнделікті мәселелерді шешіп қана қоймай, мемлекетіміздің болашағына қатысты өзіндік ұстанымымызды анықтау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жекелеген және ұжымдық құндылықтар жүйесін жетілдіру маңызды.

Ескі сүрлеуге түсіп кетпей, прогресс жолынан ауытқымауымыз қажет. Бізге ұзақ мерзімді мақсаттарымызды айқындап алу керек. Ертең кім болатынымыз, мың құбылған әлемде қандай орын алатынымыз әсте естен шықпауға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз тек алға ұмтылуымыз керек.

Біз жасампаз әрі жаңашыл болуға тиіспіз. Еліміздің алға қойған нақты межесі бар. Мызғымас бірлік пен қажырлы еңбектің арқасында өз мақсатымызға жетеміз.

Біз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуымыз керек. Тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы, –  деді сөз сөйлеуші.

Рәсімде Тоқаев бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керектігін,  адал азамат өз жағдайын ғана жасамайтынын, ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайтынын, мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болатынын айтты.

Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық, –  деді ол.

Сөз соңында мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» байқауына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығымын білдірді.