Министрліктегі әрбір қызметкердің қазақ тілін білуі – басты назарда
Астанада дипломаттар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен кездесті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
СІМ-де өткен кездесуге Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, мемлекеттік тіл комиссиясының төрағасы Жалғас Әділбаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Қалыбек Қобыландин, сыртқы саяси ведомство құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада Жалғас Әділбаев Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, министрліктегі қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі басты назарда екенін айтты.
Сонымен қатар Рауан Кенжеханұлы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына кеңінен тоқталды. Ол мемлекет басшысының мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстарына ұдайы қолдау көрсететінін атап өтті. Отырыста сыртқы істер саласындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша өзекті ұсыныстар айтылып, келелі ой-пікірлер ортаға салынды.
Кездесу соңында Рауан Кенжеханұлы сұрақтарға жауап берді.