«Адал тұлға» сыйлығы: «Голос народа» үздік интернет-БАҚ атанды
«Адал Тұлға» IX ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті
9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Астанада «Адал Тұлға» IX ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Ұлттық сыйлық ел тағдырына бей-жай қарамайтын, жемқорлыққа көз жұмып қарамайтын, әділетсіздікке төзбейтін азаматтарға берілді. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері, белсенділер, еріктілер және қарапайым азаматтар да бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығының төрағасы Руслан Асылбеков жиында сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ардагер Алик Шпекбаевты құттықтап, алғашқы номинацияны табыс етті.
Мәжілістің бірнеше депутаты «Адал Тұлға» медалін иеленді: Бақытжан Базарбек, Мақсат Толықбай, Ринат Зайытов, Марат Бәшімов, Ерлан Сайыров, Ермұрат Бапи және Қазыбек Иса.
Жалпы, сыйлықтар «Адал тұлға – 2023», «Қоғамдық құрмет», «Жылдың үздік телеарнасы», «Үздік интернет-БАҚ», «Жылдың үздік журналисі», «Ең адал полицей», «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бизнес» номинациялары бойынша табысталды.
«Жылдың үздік телеарнасы» номинациясы бойынша 24KZ, КТК, Jibek Joly, «Еуразия бірінші арнасы» және ATAMEKEN BUSINESS үздік деп танылды.
«Үздік интернет-БАҚ» номинациясы бойынша ORDA NEWS, «Голос народа», YK-news.kz, SHYNDYK.KZ секілді ақпараттық агенттіктер үздік деп танылды.
«Жылдың үздік журналисі» сыйлығын «Обожаю» ютуб-арнасының жүргізушісі Асхат Ниязов иеленсе, «Ең адал полицей» деген мәртебеге Азамат Айымбетов лайықты деп танылды.