Дәмханадағы жанжал: полиция екі қылмыстық іс қозғады
Күзетші мен дәмхана клиентіне қатысты тергеу басталды
Қостанай полициясы қаладағы дәмханалардың бірінде болған жанжалға қатысты екі қылмыстық іс қозғады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 10 желтоқсанда кешкі сағат 21:00 шамасында облыс орталығының ойын-сауық орындарының бірінде 7 адам жанжал шығарған. Оның үшеуі мас болған. Клиенттер жанжал шығарғанда дәмхананың әкімшісі оларға қызмет көрсетуден бас тартқан. Мас адамдар болса, кеткісі келмей, әрі қарай ішімдік ішіп, басқа клиенттердің мазасын алған. Осыдан кейін кафе қызметкерлері пульттік күзетті шақырған.
Осы жерде күзетшілер мен мас адамның бірі сөзге келіп, бір-біріне жұдырық ала жүгірген. 33 жастағы ер адам күзетшілердің біріне дене жарақатын салған. Ол күзетшінің тапаншасын алғысы келген. Күзетші оның аяғына автоматтан оқ атқан.
Қазір екі жаққа сотқа дейінгі тергеу басталды. Дәмхананың клиенті Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі бойынша («Бұзақылық») тергелсе, күзетші ҚР ҚК-нің 252-бабы 2-бөлігі («Жеке күзет қызметтері қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалану») бойынша тергеледі.
Жанжалдың ортасында болған адамдар анықталып, жауап алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.