Боччадан Қазақстан кубогы: елордалық Итиана Шыңғысханқызы ең үздік ойыншы атанды

Динара Амантай

Төрт класс бойынша өткен ел кубогында бас-аяғы 57 пара спортшы бақ сынады

Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада алғаш рет өткен боччадан Қазақстан кубогының жабылу рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген бочча шеберлерін марапаттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев сайыстың жоғары деңгейде өткенін және ерекше спортшылардың шеберлігі мен табандылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.

Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келесі жылы бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақтаймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика кубогы, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты кем дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар халықаралық додаларға қатысады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Төрт класс бойынша өткен ел кубогында бас-аяғы 57 пара спортшы бақ сынады. Екі күндік үздік нәтижелерімен 34 бочча шебері жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың қатарында Астана қаласының бочча шеберлері де бар.

Әйелдер арасында кубоктың үздік ойыншысы елордалық Итиана Шыңғысханқызына бұйырса, ерлер арасынан павлодарлық Александр Құрмантай үздік атанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додада жеңіске жеткендері Ұлттық құрама сапына қабылданып, алдағы халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Боччадан Қазақстан Кубогы жолындағы жарысты Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырды.

Сондай-ақ сайысқа Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қоры қолдау көрсетті.