Halyq Uni логотип
×

Мектеп оқушылары Олимпиада жүлдегері атанды

Оған әлемнің 54 елінен 311 оқушы қатысты

 Дастан Жұмабекұлы 11.12.2023 | 16:28
Мектеп оқушылары Олимпиада жүлдегері атанды
Фото: gov.kz/Оқу-ағарту министрлігі

Таиландтың Бангкок қаласында жасөспірімдер арасында өткен XX халықаралық жаратылыстану-ғылыми Олимпиадасы (IJSO-2023) өз мәресіне жетті. Қазақстан құрама командасының барлық 6 мүшесі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Олимпиадаға әлемнің 54 елінен 311 оқушы қатысты.

Олимпиада тестілеу, теориялық және эксперименттік тур бойынша болды. Әр турда физика, химия және биология пәндері бойынша тапсырмалар ұсынылды.

Жасөспірімдер арасындағы халықаралық жаратылыстану-ғылыми Олимпиадасының қола жүлдесін 8-9 сыныптың оқушылары жеңіп алды. Атап айтқанда, Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Батыр Ержанұлы, Астана қаласындағы «Республикалық физика математикалық мектебі» коммерциялық емес акционерлік коғамы филиалының 9-сынып оқушысы Альтаир Аканов қола медаль алса, олардан Павлодар қаласының Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 8-сыныбында оқитын Дария Бектұрсын мен Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Данияр Базарбай да қалысқан жоқ.

Астана қаласындағы «Республикалық физика математикалық мектебі» коммерциялық емес акционерлік коғамы филиалының 8-сыныбында оқитын Ілияс Қазымбек пен Павлодар қаласындағы Дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Иван Рудик те үшінші орыннан көрінді.

Құрама командаға PhD доктор, SDU University доценті Самат Мақсұтов пен Назарбаев Университетінің магистранты Асқар Мәжікенов жетекшілік етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама