Теннисшілер халықаралық турнирде топ жарды
Попко мен Ломакин үшін жарыстар сәтті аяқталды
Теннисшілер Дмитрий Попко мен Григорий Ломакин Түркия мен Мысырда өткен халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. Попко Анталияда ITF турнирін жеңіп алса, Ломакин Шарм-эль-Шейхта осы санаттағы жарыста алтын медаль иеленді.
Попка Түркиядағы жарыстың финалында Өзбекстанның өкілі Сергей Фоминмен кортқа шықты. Матчта Қазақстан теннисшісі қарсыласынан 6:4, 3:6, 6:2 есебімен басым түсті. Осылайша, Анталия жарысы спортшы үшін сәтті аяқталды.
Григорий Ломакин жұптық сында украин Вадим Урсумен бірге финалда италиялықтар Филиберто Фумагалли және Сэмюэль Винсент-Ругиеримен бас жүлдені сарапқа салды. Үш сетке созылған тартысты бәсекеде Қазақстан теннисшілері 6:2, 4:6, 10:5 есебімен жеңіске жетті.